Мәдениет

Мешін жылғы мерейтойлар

Биылғы жыл — еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Торқалы той Ақтөбеден бастау алды. Төрт мыңға жуық адам қатысқан мерекені бұқаралық ақпарат құралдары арқылы күллі республика тамашалады.
Осы ретте біз биылғы мерейтойларды санамалап көрген едік.
Ірі мемлекеттік қайраткер Ұзақбай Құлымбетовтің туғанына биыл 125 жыл толады.
Қазақтың кәсіби музыкасының негізін салушы, дуалы ауыздар «Музыкадағы Әуезовіміз» деп атаған, академик Ахмет Жұбанов үстіміздегі жылы 29 сәуірде 110 жасқа толады. Жұбановтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланған болатын, бұл жолы да аты әлемге әйгілі тұлғаның мерейтойы лайықты атап өтіледі деген ойдамыз.
«Жорық жылдары», «Жем бойында» романдары мен «Алаш «Алаш» болғанда» атты естелік кітабын жазған белгілі жазушы, аудармашы Ғалым Ахмедовтің туғанына биыл — 110 жыл.
150-ге тарта ән мен ән мәтінін жазған, бір ғана «Әлиясының» (әнін жазған — Сейдолла Бәйтереков — ред.) өзі күллі әлемді дүр сілкіндірген Бәкір Тәжібаевтың туғанына биыл — 90 жыл.
Шебер домбырашы, халық композиторы Қазанғап Тілепбергенұлының күйшілік дәстүрін жалғастырушы Бақыт Басығараев арамызда аман жүргенде, осы қаңтар айында 90 жасқа толар еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ақтөбе руханиятында ерекше із қалдырған Мұхтар Арынның да биыл 90 жылдығы.
Ақтөбенің ақтаңгер ақыны, Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтары сыйлықтарының, Президент стипендиясының иегері Ертай Ашықбаев, бұйырса, сәуір айында 60 жасқа толмақ.
Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толмақ.
1916 жылғы 25 маусымда ақ патшаның Қазақстан, Орта Азия, Сібір тұрғындарынан 19 бен 43 жас аралығындағы ер-азаматтарын тыл жұмысына алу туралы жарлығы жаппай дүрбелең туғызды. Сол жылы Торғайда, Ақтөбеде, Ырғызда ұлт-азаттық көтерілістері бұрқ ете қалғаны тарихтан белгілі. Биыл егемен еліміздің 25 жылдығында осы мерейлі дата өз деңгейінде аталып өтетініне сенеміз.

P.S. 2013 жылы қазақтың халық жазушысы Тахауи Ахтановтың 90 жылдығы республикалық театрлар фестивалінің көлеңкесінде қалып қойды. Өткен жылы Қуандық Шаңғытбаевтай дегдар ақынның 90 жылдығы, қазақ өлеңінің бозторғайы Есенбай Дүйсенбайұлының 75 жылдығы да өз дәрежесінде еленбеді. Ілияс Жансүгіровтің: «Өз елі өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деуі жайдан-жай емес шығар…

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button